Мамандық таңдау - маңызды қадам

Кентау политехникалық колледжінің түлектері түгелімен жұмысқа орналасады. Шәкіртақыны айтпағанның өзінде, оқып жүрген студенттердің тәжірибеден өтуіне де еңбекақы төленеді. Себебі, «Alageum electric» ХК кәсіптік білім алған жастардың табысты еңбек етуіне кең мүмкіндік беріп отыр.

Қала жастарымен кездескен холдингтік компания басшылары мамандық таңдауда қателесуге болмайтындығын жеткізіп, политехникалық колледжден кәсіптік білім алуға шақырды.

- Біз мектеп бітіруші түлектер мамандық таңдауда жаңылыспаса екен дейміз. Мамандық алғаннан кейін жұмыс жасау керек. Яғни, жұмыссыз қалмауы керек. Бүгінгі кездесуде біз жастарға осы жайтты түсіндірдік. Өз жетістіктерімізді айтып, Кентау политехникалық колледжінде білім алуға шақырдық. Жалпы мамандықтың барлығы жақсы. Бірақ инженерлікке жетпейді. Кентау трансформатор зауытында 1300-ден астам адам жұмыс жасаса, соның 99 пайызы инженерлер. Инженер жоқтан бар жасайды. Олар қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеріп, қоғам қойған талаптарға сай болуы керек. Бұл бағытта «Alageum electric» ХК құрылтайшылық ететін Кентау политехникалық колледжі нәтижелі жұмыстар атқарып жатыр, - деді «Alageum electric» ХК бақылау кеңесінің төрағасы Сейдулла Қожабаев.

Кездесуде қала әкімінің орынбасары Нұржан Ташимов, «Нұр Отан» партиясы Кентау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сағынбек Асылбеков, «Азия Трафо» ЖШС бас директоры Серғазы Күнтуаров, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исахан Жұмабаев, қалалық білім беру бөлімінің басшысы Әділ Әуелбеков мамандық таңдау маңызды қадам екендігін айтып, жастарды қателеспеуге шақырды.

Колледж студенттері мен түлектері, ата-аналар комитетінің мүшелері жарыссөзге шығып, жастарға үлкен жағдай жасап отырған компания басшылығына ризашылықтарын білдірді.

© 2016 КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ