Сыңғырла, соңғы қоңырау

25 мамыр күні қаламыздағы барлық мектептерде «Сыңғырла, соңғы қоңырау» атты мерекелік іс-шара болып өтті.

№10 мектепте өткен салтанатты жиынға қатысқан қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев Елбасының жыл сайынғы Жолдауында білім беру саласын жаңғыртуға үлкен мән берілетіндігін атап өтіп, қаламыздың білім саласында жүргізіліп жатқан игі істер жөнінде кең көлемде айтып өтті. Арман қуған түлектердің, қанат қағып ұшқалы отырған жаңа өміріне сәттілік тіледі.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исахан Жұмабаев, білім беру бөлімінің басшысы Әділ Әуелбеков жас түлектерге деген жүрекжарды жылы лебізін білдірді.

Биылғы оқу жылында қаламыздағы облыстық деңгейдегі мектептерді қосқанда 741 оқушы мектеп бітіріп отыр. Олардың 581 ҰБТ-ға қатысуға ниетті. 72 түлек «Алтын белгіге», 28 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер.

Салтанатты іс-шара қаладағы барлық білім ордаларында аталып өтті. Облыстық, республикалық пән олимпиадаларының жүлдегерлері, ғылыми жоба сайыстарының жеңімпаздары және мектеп үздіктері мен ұлағатты ұстаздар арнайы марапаттарға ие болды. Өнерлі жастар әсем әндер орындады. Бірінші сынып оқушылары тақпақ айтып, жақсы оқуға уәде берді.


© 2016 КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ