Есімі мәңгі өшпейді, елім деп өткен ерлердің

С.Қожанов атындағы орталық саябақта Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 28 жыл толуына орай «Есімі мәңгі өшпейді елім деп өткен ерлердің» атты митингі болып өтті.

Іс-шараға қала әкімі Ә.Мақұлбаев, қалалық маслихат хатшысы Т.Балабиев, жергілікті орган басшылары, ауған соғысының ардагерлері, ақсақалдар алқасы, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет саласының, «Жастар ресурстық орталық» қызметкерлері, орта арнаулы оқу орындарының жастары, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шараның маңызы мен мәнінің жоғары екендігін атап өткен қала әкімі Ә.Мақұлбаев жастық шағын оқ пен оттың астында өткізген жауынгерлердің Отан алдындағы антына беріктік танытқандарын айрықша сөз етті. Қалалық маслихат хатшысы Т.Балабиев, қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы М.Абдуллаев ерлердің ел үшін атқарған ерлік істері ешуақытта ұмытылмайтындығын жеткізді.

Салтанатты шарада жауынгер-интернационалистерге қала әкімінің Алғыс хаттары тапсырылып, құрмет көрсетілді. Қайталанбас қайсарлықтың үлгісін көрсеткен жаужүрек азаматтардың бәрі құрмет қошеметке бөленді.

Ауған соғысының ардагерлері Т.Темірқұлов өскелең ұрпаққа бақытты, бейбіт ғұмыр кешуді тіледі және іс-шараны ұйымдастырған қала әкімдігі мен қалалық ішкі саясат бөліміне ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. Жиын соңында көпшілік Ауған соғысына қатысушыларға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

© 2016 КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ