Жолдау - көпшіліктен қолдау тапты

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ел халқына жолдаған жолдауын насихаттау және түсіндіру мақсатында құрылған облыстық ақпараттық-насихаттық тобы Кентау қаласының тұрғындарымен кездесті.

Ақпарат-насихаттық топ мүшелерін көпшілікпен таныстырып өткен қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев Елбасы Жолдауындағы айқын басымдықтарды түсіндіріп өтті.

Ақпараттық-насихаттық топтың мүшесі ОҚО педогогикалық университетінің доценті Бахадыр Сатыбалдыұлы жолдау жүктеген міндеттер жайында байыпты баяндама жасады. Жолдаудағы бес басымдықты кең көлемде түсіндіріп, ел экономикасының дамуына үлкен серпін беретін басты құжат екендігін айтып өтті. Бұл Жолдауда ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлінгенін, әлемдік дағдарыс жағдайында қабылданған нақты шаралар өзінің тиімділігін көрсеткен «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары іске асырылу барысына тоқталды. Биылғы Жолдау аясында еліміздің тұрақты өркендеуі үшін цифрлы технологияны барлық салаларға кеңінен енгізуге назар аударылатынын айтты.

Жарыссөзге шыққан қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Серік Мирзахметов, әжелер алқасының төрайымы Салтанат Атабек Жолдаудағы жаңа міндеттер елімізді жарқын болашаққа бастайтындығын атап өтіп, қолдайтындықтарын білдірді.

Аталған кездесуде қала тұрғындары тарапынан сауалдар қойылып, ұсыныстар айтылды. Насихаттық топты басқарып келген Оңтүстік Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Байғұт Елбасының жолдауындағы 5 басымдықтың жүзеге асуын Кентау қаласының дамуымен байланыстырып түсіндірді. Жиынды қорытындылаған қала әкімі Ә.Мақұлбаев "Елбасымыз өз жолдауында "Еліміз екі жаңғыртуды табысты өткізді, енді үшінші жаңғыртуға қадам басу керекпіз" деген болатын. Ол - жаһандық сын-қатермен күрес емес, болашаққа, 2050 стратегиясына бастайтын көпір болмақ" -деді. Сондай-ақ, қала тұрғындары Елбасының әрбір жолдауына сеніммен қарайтынын, оны қолдап қана қоймай халық арасында насихаттық жұмысты белсенді жүргізетінін атап өтті. Кентау қаласында да арнайы мамандардан ақпараттық-насихаттық топ құрылып жұмыс жүргізіп жатқандығын жеткізді.

Оңтүстік Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Байғұт бастап келген ақпараттық-насихаттық топ мүшелері қалаға қарасты ауылдардың да тұрғындарымен кездесті.

© 2016 КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ