Айқын басымдықтар түсіндірілді

Кентау қаласына арнайы іс-сапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ержан Құдайберген және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Кәрібай Мұсырман қала активімен кездесті.

Жиынға қала әкімінің орынбасары Рашид Мыңбаев, қалалық мәслихат хатшысы Талғат Балабиев, ақсақалдар мен ардагерлер, қалалық мәслихат депутаттары және білім, денсаулық салаларының қызметкерлері мен жастар қатысты. ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ағымдағы жылдың 25 қаңтарындағы билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуін және «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты кезекті Жолдауын кең көлемде түсіндірді. Байыпты баяндама жасаған Кәрібай Иманжанұлы Жолдаудағы басымдықтар жайында жан жақты талдау жасап, Жолдау - ел экономикасының дамуына үлкен серпін беретінін айтып өтті. Жолдаудағы 5 басымдыққа жан-жақты тоқталды.

- Елбасы биылғы Жолдауын Қазақстанның үшінші жаңғыруына арнап отыр. Бірінші жаңғыруы - еліміздің егемендік алуы болса, екінші жаңғыру «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануымен және жаңа елорда - Астананың салынумен басталды. Бұлардың барлығы да нәтижелі болғанын көріп отырмыз. Нұрсұлтан Әбішұлы үшінші жаңғыруды «Бұл жаңғыру - қазіргі жаһандық сын қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» Стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары - «100 нақты қадам» базасында өткізіледі. Мен оның бес негізгі басымдығын көріп отырмын. Олар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған» деп атап көрсетті, - деді Кәрібай Иманжанұлы.

Мәжіліс депутаттары Жолдауда айтылған еңбек өнімділігін арттыру, кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік саланы қолдау мәселелері бойынша нақты мысалдармен, жан-жақты талдай отырып айтып берді. Жарыссөзге шыққан көпшілік Елбасы Үндеуі мен Жолдауын қолдайтындықтарын білдірді. Мәжіліс депутаттары қаламыздағы №10 жалпы орта мектепте болды. Жергілікті тұрғындармен және білім саласының қызметкерлерімен өткен кездесуде де Елбасының билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы Үндеуі мен «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдаған Жолдауындағы басымдықтарды кең көлемде түсіндірді.

Өзбек этномәдени орталығының төрағасы Хашим Абдувалиев, Б.Момышұлы атындағы №12 мектеп директоры Гүлдариға Жұмагелдиева жарыссөзге шығып Жолдауда ел дамуының айқын басымдықтары аталып өтілгенін айтып, қолдайтындықтарын жеткізді.

Жиын сұрақ жауапқа ұласты. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға кең көлемде жауап берген халық қалаулылары, ұсыныс пікірлерді тиісті министрліктерге жеткізетінін айтты.

© 2016 КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ