Мәжіліс депутаты қаламызда болды

Кентау қаласына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бәйділда Жылқышиев іс-сапармен келді. Халық қалаулысы ең алдымен Кентау-Түркістан қалаларын байланыстыратын күре жолдың құрылысымен танысты. Содан соң, жастарға қызмет көрсету орталығында болып, жастармен кездесті.

Жиынды қала әкімі Ә.Мақұлбаев жүргізіп отырды. Онда орталық басшысы Қ.Бекметов 6 айда атқарған жұмыстары жайында баяндама жасап, кең көлемде мәліметтер берді. Парламент Мәжілісінің депутаты Б.Жылқышиев Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа жолдаған жолдауы мен рухани жаңғыру жайында жазылған мақаласын жан-жақты түсіндіріп, жастарды көптеп еңбек етуге шақырды. Халық қалаулысы еліміз дамудың даңғыл жолына түскендігін, бүгінде Елбасының Жолдауы негізінде үшінші жаңғыру жүріп жатқанына тоқталды. Жолдау негізінде жүзеге асып жатқан жұмыстарды кең көлемде әңгімеледі. Рухани жаңғыруды әрбір ел азаматы өзінен бастауы қажеттігін айтып, жастарды еңбекке құштар болуға шақырды. Сондай-ақ, Халық қалаулысы Елбасы Жолдауында айтылған мақсаттар мен міндеттерге де арнайы тоқталып өтті. Жолдауда айтылған білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік және ауыл шаруашылық салалары бойынша да атқарылатын жұмыстардың көптігін айтты. Қала жастары тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсыныстарға кең көлемде жауап берді. Кездесу соңында қала әкімі Ә.Мақұлбаев барша кентаулықтардың атынан Бәйділда Жылқышиевке алғыс айтып, «Қала жанашыры» төсбелгісін табыс етті.

© 2016 КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ