Өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды

Кентау қаласына арнайы іссапармен келген облыстық соттың төрағасы Т.Баратбеков қала бойынша құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстармен танысты. Сондай-ақ, Кентау қалалық сотының төрағасы Е.Сералиев пен «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Қ.Бекметов өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Аталған іс-шараға Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Т.Баратбеков, ОҚО бойынша соттар әкімшісінің басшысы О.Лештаев және Кентау қаласының әкімі Ә.Мақұлбаев және БАҚ өкілдері қатысты. Меморандумның мақсаты - жастар саясатын қолдау, жас отбасыларға отбасылық құндылықтарды насихаттау, жастар арасында құқықбұзушылықтың, қылмыстың, нашақорлықтың және отбасындағы зорлық-зомбылықтың және неке бұзудың алдын алу. Кентау қалалық сотының төрағасы Е.Сералиев меморандум жастардың құқыққа қарсы iс-әрекеттерiнiң алдын алу, оларға құқықтық, психологиялық көмек көрсету, жас отбасыларға Қазақстан Республикасының "Неке және отбасы туралы" заңын түсіндіру арқылы жас отбасылардың некесін сақтап қалуға ықпалын тигізетінін атап өтті. Сондай-ақ, сот төрағасы меморандум аясындағы өзара іс-қимылдың нәтижелі болатындығына сенім білдірді. Облыстық сот төрағасы Т.Баратбеков Кентау қалалық сотының жұмысымен танысып, сот отырысының залдарында орнатылған аудио және бейне тіркеу құрылғылары мен «Сот кабинеті» сервисін қолдану мәселелеріне айрықша көңіл аударды. Сот төрағасы Т.Баратбеков өз сөзінде сот жүйесінің жетістіктеріне тоқталып, судьяларға сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыруды, сондай-ақ АБФ жүйесін үздіксіз қолдану керектігін жеткізді.
 
© 2016 КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ