Көгалдандырудың көлемі артпақ

Келер жылдан бастап қала аумағын көгалдандыру жұмыстарының көлемі артпақ. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте қалалық "Жасыл Кентау" мекемесі басшысының міндетін атқарушы Құрманғазы Ахатаев айтып өтті. «Жасыл Кентау» мекемесі қаланы көгалдандыру, абаттандыру, қала көшелерін жарықтандыру, қаладағы бағдаршам жұмыстарын қадағалау салалары бойынша жұмыстар атқаруда. Наурыз айында «Жасыл аймақ» учаскесіне 150 түп арша ағашы отырғызылған. Бүгінгі таңда «Қосқорған» су қоймасының жанында орналасқан 122 га құрайтын «Жасыл аймақ» учаскесіндегі 48985 түп ағаштарды суғару, күтіп баптау жұмыстары жүргізілуде. Олардың ішінде, 885 - түп арша, 4800 - түп алма, 250 - түп айлант, 250 - түп катальпа, 42800 - түп қарағаш бар. Қоректендіру ретінде жазғы айларда ағаштарға тыңайтқыштар беріліп отырады. Ал, суғару жұмыстары екі су қондырғы арқылы жүргізілуде. Биыл күзде қала аумағында 1200 түп ағаш отырғызу жоспарлануда. Соның ішінде қала көшелері мен саябақтарына 600 түп әр түрлі әсемдік талдар, толықтыру ретінде «Жасыл аймақ» учаскесіне 500 түп қарағаш, «Көктөбе» шатқалына 100 түп қарағаш егілмек. Сонымен қатар қала көшелерімен саябақтардағы және көпқабатты үйлердің аулаларындағы қураған және қауіп төндіріп тұрған ағаштарды қырқу жұмыстары жалғасады. Мамандардың айтуынша, 2018 жылы көгалдандыру жұмыстарының көлемі өспек. Яғни, қалаға қосылып жатқан «Батыс», «Шұғыла», «Болашақ» мөлтек аудандарына ағаш отырғызу, көгалдандыру жұмыстары атқарылады. Тәлімбақты да қайта жаңарту (питомник) жұмыстары қала басшыларынан қолдау тауып отыр. Биыл қоршау жұмыстары жүргізіліп, келесі жылы жерін дайындау, жылыжай салу істері жоспарлануда. Баспасөз орталығында өткен жиында жергілікті БАҚ өкілдері сауалдар жолдап, қанағаттанарлық жауаптарын алды.

© 2016 КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ