Кентаулықтар қос мерекені атап өтті

Кентау қаласының тұрғындары қаланың негізін қалаған «Ащысайтүстіметалл» комбинатының 90 жылдығын және "Қала күні" мерекесін атап өтті. Іс-шаралар еңбек адамдарының құрметіне қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан бастау алды. Қалалық орталық мұражайдан кенші Сақ Мәуленқұлов атында экспозициялық зал ашылды. Онда құрметті кеншінің қызмет бабында қолданған құрал жабдықтары, естелік суреттері, кітаптары және басқа да заттары қойылған. Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында өткен салтанатты жиында қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев қала өмірінде комбинаттың алар орны жоғары екендігін атап өтіп, байыпты баяндама жасады. Қалалық мәслихат хатшысы Талғат Балабиев көпшілікті комбинаттың 90 жылдық мерекесімен құттықтады. Ардагер кеншілер «Қала жанашыры» төсбелгісімен және қала әкімінің, қалалық мәслихат хатшысының алғыс хаттарымен марапатталды. Жиында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исахан Жұмабаев, комбинаттың бұрынғы директоры Абибулла Құштаев, «Даңқ орденінің» толық кавалері Дүйсенбай Пайзиев жүрекжарды лебіздерін білдірді. Ардагер кеншілерге көрсеткен құрметі үшін қала әкімі Әбдібақыт Тілләбайұлына арнайы алғысын білдіріп, «Кенші даңқы» төсбелгісін табыс етті. Ал, Орынбек Ақманбетов, Марат Битимбаев, Өскенбай Құлатайұлы, Әбдіхан Бегімбетов комбинатта еңбек еткен жылдардағы естеліктерімен бөлісті. Іс-шара соңы қаланың өнерпаз жастары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Кентаулықтар келесі күні «қала күні» мерекесін атап өтті. Көпшілік Ынтымақ алаңына қойылған кентаулық тауар өндірушілердің көрмесі мен жас спортшылардың қойылымдарын тамашалады. Сәні мен салтанаты жарасқан сахнада қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев пен қалалық мәслихат хатшысы Талғат Балабиев қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, қаланың өсіп өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтарды "Облысқа сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісімен және алғыс хаттармен марапаттады. Қаланың гүлденуі жолында абыройлы еңбек сіңірген қала тұрғындары қаланың «Құрметті азаматы» атанды және «Қала жанашыры» төсбелгісіне ие болды. Мерекелік жиында қалалық мәдениет саласының әзірлеген қойылымдары, ән шашулары мен мың бұралған бишілердің билері келген қонақтарға көреңікі көңіл күй сыйлады. Жас өнерпаздар Кентау қаласынан шыққан ақын-сазгерлердің әндерін орындады. Арнайы орналастырылған киіз үйлерде көпшілікке тағамдар ұсынылды.

                
                
© 2016 КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ