Ауыл тұрғындарын мал ұрлығы алаңдатады

Қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев Байылдыр ауылының тұрғындарымен кездесті. Басты мақсат – ауылда орын алып отырған мал ұрлығының алдын алу. Жиынға қалалық мәслихат хатшысы Талғат Балабиев, қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ерлан Тасполатов, қала прокуратурасы мен ішкі істер бөлімінің қызметкерлері және қала әкімдігіне қарасты дербес бөлім басшылары мен мекеме директорлары қатысты.

Алғаш болып сөз алған қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ерлан Тасполатов қала аумағындағы орын алып отырған қылмыстық жағдай бойынша және мал ұрлығы жайында мәлімет берді. Байылдыр ауылының әкімі Ерлан Қалдыбаев ауылдағы ахуал бойынша айтып өтті. Тұрғандардың да ойлары тыңдалды. Байылдырлықтар жылқылары мен сиырларын барымташылар жайылымнан және есік алдынан да айдап алып кетіп жатқандықтарын жеткізді. Қала басшылығы мен сала мамандарына жанайқайларын айтып жәрдем сұрады. Кездесуде мал ұрлығын ауыздықтау, алдын алу, кінәлілерді жазалау жайы жан жақты талқыланды. Жайылымдағы төрт түлікке GPS-навигатор орнату қажеттігі айтылды. Тұрғындар GPS бағасының қымбаттығынан заманауи құрылғыны қойдыруға көпшіліктің қалтасы көтермейтіндігін жеткізді. Сондықтан, ауылдағы ірі қара малды өріске айдайтын бір адам жалдау жайы қарастырылды және арнайы орын дайындау мәселесі айтылды. Ұсыныстар мен өтініштерді мұқият тыңдаған қала басшысы сала мамандарына нақты тапсырмалар берді. Ауыл тұрғындарына да төрт түлігін қараусыз қалдыруға болмайтындығын ескертті. Ауылдағы қоғамдастық мүшелері жағдайды жіті талқылап арнайы ұсыныс беретін болды. Нәтижесінде кездесу ұйымдастырылып, атқарылған жұмыстар тағы да тыңғылықты талқыланып, арнайы шешім қабылданады. Жиында тұрғындар тарапынан қойылған ауылды газдандыру, қыстық отын секілді өзге де сұрақтар мен ұсыныстарға қала басшысы жауап берді.

© 2016 КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ