Ең үздік отбасы анықталды

Кентау қалалық ішкі саясат бөлімі мен «Даму» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Кентау қаласының отбасылары арасында «Ең үздік отбасы» қалалық байқауы болып өтті.
Сайысқа Хантағы ауылынан Утегеновтер отбасы, Қарнақ ауылынан Қалмурзаевтар отбасы, Ащысайдан Ибраевтар отбасы және Байылдырдан Үркімбаевтар әулеті қатысты. Ұйымшыл, белсенді отбасыларды анықтау және байқау арқылы қаламыздың әрбір отбасыларын бірлікке, тату-тәтті тіршілік етуге, халқымыздың отбасы тәрбиесін одан әрі нығайта түсуге, салт-дәстүрімізді насихаттауға шақыру, үздік отбасыларды халыққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқауға қатысушылар төрт кезең бойынша сынға түсті. «Танысыңдар біздермен...» атты кезеңде әр жанұя өздерін қара сөзбен, өлең жолдарымен, кез-келген музыкалық аспаптың көмегімен таныстырды. Әрбір қатысушы отбасыларына қазақи атау қойды. «Өнер-өмір өрнегі» бөлімінде отбасы мүшелері ән айтып, би билеп өнерлерін ортаға салды. «Ұлттық құндылықтар» деп аталатын кезеңде қолдан жасаған қол-өнер бұйымдарын, қазақтың ұлттық аспаптарын, ұлттық тағам, ұлттық киімдер, ою-өрнектермен әшекейленген бұйымдар, ер-тұрмандарды көрсетіп, таныстырды. Төртінші кезеңде «Мақал-мәтелдер жарысы» өтті. Байқау қорытындысында үшінші орынды Қалмұрзаевтар отбасы иеленіп қысқа толқынды пешті сыйлыққа алды. Екінші орынға ие болған Ибраевтер отбасына санды фотокамера берілді. Бірінші орынға лайық деп танылған Үркімбаевтар отбасы планшетті сыйға алса, бас жүлденің иегері Утегеновтер отбасына LED-теледидар бұйырды. Жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар табысталды.

© 2016 КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ