«Халықты жұмыспен қамту орталығы»

2017 жылдың 25 қазанында сағат 17-00-де «Жастар ресурстық орталығында» Кентау қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» ұйымдастыруымен бірнеше іс-шаралар өткізілді

 

Атап айтқанда, іс-шараның өтуіне келесі әлеуметтік-қоғамдық мәні бар оқиғалар себеп болды, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар күніне арналған Оңтүстік Қазақстан облысы әкімімен бекітілген «Мейрімділік жүрекпен» әлеуметтік қолдау іс-шарасы, 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсету және “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы” шеңберінде қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қатысушы түлектерге сертификаттар табыстау сияқтылар.

Іс-шараны Кентау қаласы әкімдігінің «Кентау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің» басшысы Р.Қожабекова басты сөзбен ашты. Сөзінде, мүмкіндігі шектеулі, алайда еңбекке жарамды жұмыссыз азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қаламыздың шағын және орта кәсіпорындардың іскер басшылары мен өкілдері бүгінгі іс-шараға қатысып отырғанын атап өтті. «Табиғаттағы барлық жылу күннен,  өмірдегі барлық жылу – адамнан» — демекші, бір-бірімізге деген қамқорлығымызбен, бауырымалдығымыз шынайы болып, қаламыздың іскер азаматтары осы іс-шарасына белсенді түрде қатысып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жылы сезімін білдіріп, тек жақсылық ойлау, игілік жасау арқылы мейірімділік таныта алатынына әбден сенеміз!»,-деп қорытындылады өз сөзін Р.Қожабекова.

Іс-шараның келесі сатысында, Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Б.Алиманов мемлекет басшысы әлеуметтік қорғаудың атаулы жағын күшейте отырып, оның тетіктерін жетілдіру жөнінде міндет қойғанын,  яғни әлеуметтік көмек тек қана нақты мұқтаж азаматтарға ұсынылатын болатынын атап өтті. «Бес институционалды реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 84 – қадамын іске асыру шеңберінде, 2015 жылғы 28 қазанда  Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы  қабылданғанын мәлімдей отырып, Заңда 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап әр отбасы мүшесіне шаққанда табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен болған жағдайда отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібін енгізу көзделгенін, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек қазіргі кезде қолданыстағы: көпбалалы отбасыларға арналған арнайы мемлекеттік жәрдемақының (АМЖ), аз қамтылған отбасылардың 18 жасқа дейінгі балаларына арналған мемлекеттік жәрдемақының (МБЖ)  және аз қамтылған үй шаруашылықтарына берілетін атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) орнына тағайындалатынын баяндады.

Сөз соңында, Б.Алиманов “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы” шеңберінде қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қатысушы түлектерге сертификаттар табыстау рәсіміне көшті. Кентау политехникалық колледжінде 3 ай мерзімде білім алып, электр слесарі, электр құрастырушы, электр монтері, автоматика слесарі, құрылыс шебері мамандықтары бойынша сертификаттарды тапсырды. Қазақстанда баламасы жоқ Кентау трансформатор зауытында еңбек жолы бастаған жанның арманы жоқ болар екенін ескеріп, түлектерге жұмысқа орналасуға, оқығанының жемісің көруге тілектес екенін білдірді!

Қазақстан Республикасының Журналистер одағының мүшесі,

Есен Байту

© 2016 КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ