Латын әліпбиіне көшу - лайықты шешім

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген латын қарпіне көшу туралы бастамасы Кентаулық ұстаздар тарапынан қолдау тапты. Қаладағы №10 мектепте өткен басқосуда әліпбидің кириллицадан латын қарпіне ауысы жайында орамды ойлар мен қонымды пікірлер айтқан білім саласының қызметкерлері бұл бастаманы бір ауыздан қолдайтындықтарын білдірді.

Жиынды ашқан қалалық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Жақсылық Омаров байыпты баяндама жасап, латын қарпіне көшу заман қажеттілігіне орай туындап отырған бастама екендігін айтты. Ал, білім беру бөлімінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері Ғазиза Қалымбетова мен №10 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләззат Құлманова латын әліпбиінің артықшылықтарын түсіндірді.

Жиынға қатысқан тіл орталығының директоры Ақлима Дәрібаева латын әліпбиі заман көшінен қалмаудың қарекеті екендігін айтып өтті. Мектеп директорлары мен оқушылар да орамды ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті. Баршасы да латын әліпбиіне көшуді қолдайтындықтарын білдірді.

Жиын барысында көпшілік телеарна арқылы латын әліпбиінің негіздері туралы арнайы бағдарламаларды тамашалады. Мектеп мұғалімі Тұрар Омаров латын әліпбиінің артықшылықтары жайында түрлі мысалдар келтіре отырып іс-шараны жоғары деңгейде жүргізді.

 
© 2016 КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ