Ауыл мектебі 3 млн.теңгенің грантын жеңіп алды

Биылғы оқу жылында Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылында орналасқан Абай атындағы №5 жалпы орта мектебі Тұңғыш Президент - Елбасының қорынан 3 млн теңге грант жеңіп алды. Нәтижесінде мектептегі химия кабинеті соңғы үлгіде заманауи құралдармен жабдықталды.

Облыстық білім басқармасы тарапынан ұйымдастырылған баспасөз турында БАҚ өкілдері ауыл мектебіндегі айтулы жаңалықпен кеңінен танысты.

Абай мектебі 1962 жылы бой көтерген. Содан бері балаларды сапалы білім мен саналы тәрбиеге баулып келеді. Қазіргі кезде мектепте 500-ге жуық бала білім алуда. Білім ошағына өткен жылы бюджет тарапынан бөлінген қаржыға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жаңарып жасарған мектепте балалардың білім деңгейі де жоғары. Түлектердің ҰБТ нәтижесінде жинаған орташа баллы қала мектептерінің ішінде жоғары болған. Сондай-ақ, Кентау бойынша ең жоғарғы 135 ұпайды жинаған оқушы да осы мектептің түлегі.

- Тұңғыш Президент қоры тарапынан үлкен сыйлыққа ие болу біз үшін үлкен абырой. Бұл жерде мектебіміздің соңғы үш жыл көлемінде жеткен жетістіктері ескеріліп отыр. Қазіргі кезде қондырғыда оқушылар химия пәні бойынша көптеген зертханалық жұмыстар жасап үйренуде. Теория жүзінде алған білімдерін тәжірибемен шыңдап жатыр. Нәтижесінде көптеген халықаралық, республикалық жарыстардан жүлделі орындарды иеленді. Ата-аналардың, оқушылардың, мектеп ұжымының атынан еңбегімізді жоғары бағалап, заманауи зертханалық кабинетті сыйлаған жандарға үлкен алғыс айтамыз, - дейді мектеп директоры Гүлсім Қарабасова.

Кентау қаласы соңғы 6 жыл қатарынан ҰБТ қорытындысы бойынша облыста бірінші орынды иеленіп келеді. Өткен оқу жылында 87 алтын белгі, 25 үздік аттестат иегері анықталып, барлығы дерлік жоғары оқу орнына мемлекеттік грант бойынша оқуға түскен.

- Хантағы ауылындағы білім ордасы облыс мектептерінің ішінде алғашқы болып Тұңғыш Президент қоры тарапынан арнайы грантқа ие болып отыр. Бұл қаламыздағы білім деңгейінің жоғары екендігін көрсетеді. Алдағы уақытта да биіктерді бағындыра беруге жұмысты жалғастыра береміз, - дейді қалалық білім беру бөлімінің басшысы Әділ Әуелбеков.

Тілшілер қауымы Білім басқармасына қарасты мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернаты КММ-де өткен аймақтық семинарға қатысты. «Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту» тақырыбында ұйымдастырылған семинардың басты мақсаты - оқушының дарындылығын арттыру, оқу үрдісінде оқытудың жаңа әдістерін қолдану және шығармашылықпен жұмыс жасайтын оқушылардың тәжірибелерін тарату.

Іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған мектеп директоры Нұргүл Бадырова мен облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Жазира Сәрсенбиева семинардың жұмысына сәттілік тіледі.

Ұстаздар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шеберлік сабақтарын өткізді. Атап айтар болсақ, химия пәнінен «ішкі энергияның өзгерісі», қазақ және ағылшын тілінен «Тілді дамыту», физикадан «Torgue», «Нүктенің шеңбер бойымен қозғалысы», Биологиядан «ферменттер» және тағы да басқа пәндер бойынша әр кабинеттерде ашық сабақтар өтті.

Семинар қорытындысы Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында шығармашылық жұмыстармен жалғасын тапты. Онда «Рухани жаңғыру және білімді ұрпақ» тақырыбында интелектуалды ойындар ұйымдастырылды.

© 2016 КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ