Театр тарланын еске алды


Кентау қаласының жұртшылығы қазақтың біртуар ұлы, халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың, тәуелсіз "Тарлан" сыйлығының иегері Райымбек Сейтметовты еске алды.

Іс-шараны қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев ашып берді.

- Театр тарланы бүгінде көзі тірі болғанда 80 жасқа толар еді. Дара қойылымдар арқылы, режиссер ретінде де өнерсүйер қауымның жүрегіне жол тапқан жан болатын. Халықымыз оның киелі Түркістан жерінде жаңа театр ашып, көне қаланың мәдени және рухани өміріне жаңа леп әкелгенін ешқашан ұмытпақ емес. Театр тарланының жарқын бейнесі өнер сүйер халқының, әріптестерінің, шәкірттерінің, көрермендерінің көңілінде әрдайым сақталып қалды, - деді қала басшысы.

Айтулы кешке сахна тарланының асыл жары Нинель Малдыбаева, туған-туыстары, театр тарланбозының өнерін құрмет тұтатын қала тұрғындары, жастар қатысты.

Негізі Кентау қаласында труппа болып қаланған Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының ұжымы іс-шарада сахналық қойылымдар қойды. Шәкірттері ұстазға деген сағыныштан туған әсем әндерді шырқады.

Қалалық мәслихат хатшысы Талғат Балабиев, Кентау қаласының Құрметті азаматы Ысқақ Жұмашев, әріптесі Қуандық Өтетілеуов пен Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының директоры Ержан Исатаев естеліктерімен бөлісті.

Қала әкімі Әбдібақыт Тілләбайұлы театр тарланының асыл жары Нинель Малдыбаеваға және туыстарына естелік сыйлықтар табыс етті.

Іс-шара Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театры өнерпаздарының сахналық қойылымдарымен жалғасты.

Тағы бір айта кетер жайт, жуырда ғана асылдың тұяғы, театр мэтрінің ұлы Азат Сейтметов «Әке» сериалында сомдаған басты рөлі үшін Азиядағы ең айтулы награда «Seoul International Drama Awards» (SDA) сыйлығын иеленіп отыр.

© 2016 КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ