Бала тәрбиесі басты назарда


Наурыз мерекесі қарсаңында өңір зиялыларымен кездескен облыс басшысы барша аудан, қала әкімдіктеріне зорлық-зомбылықтың, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша кешенді жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында «Зорлық-зомбылықсыз Оңтүстік» акциясын бастауды ұсынған болатын.

Өткен аптада қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаевтың төрағалығымен "Зорлық-зомбылықсыз Оңтүстік" атты кеңейтілген мәжіліс өтті. «Басты мақсат - жастар арасындағы зорлық зомбылықтың алдын алу. Жастар арасындағы құқықбұзушылықтарды болдырмау» - деген қала басшысы көпшілікті ашық-пікір алмасуға шақырды.

Жиынға білім беру бөліміне қарасты мектеп директорлары мен орта арнаулы оқу орындарының басшылары және тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасарлары қатысты.

Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Әділ Әуелбеков пен Кентау қалалық ішкі істер бөлімінің Жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Ғани Жаңабаев баяндама жасап, атқарылған жұмыстарды атап өтіп, алдағы жоспарлармен таныстырды.

- Мектеп пен ата-аналар арасындағы байланысты жоғарылатуымыз қажет. Тәрбиеге қатысты түрлі тақырыптарда семинарлар ұйымдастырып үлгілі мектептердің тәжірибесін өзге мектертерге тарату ісін қолға алыңыздар, - деген Әбдібақыт Тілләбайұлы мектептер мен колледждерге бекітілген инспекторларды жеке-жеке тұрғызып, атқарып жатқан жұмыстарын сұрады.

Ата-аналар да жарыссөзге шығып, бүгінде кейбір ата-аналар мектепте өтетін жиналыстарға келмейтіндігін айтты. Яғни, баланың сабағы мен тәртібіне деген жауапкершіліктің аздығын жеткізді.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исахан Жұмабаевта бала тәрбиесінен кеш қалмау қажеттігін айтты.

Кеңейтілген мәжілісті қорытындылаған қала басшысы жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау және алдын алу мақсатында ҚІІБ-нің есебінде тұрған жасөспірімдерді спортқа және түрлі үйірмелерге тартуды жүзеге асыру қажеттігін айтты.

«Бала тәрбиесіне ата-ана мен мектеп тікелей жауапты. Бала тәрбиесіне деген жауапкершілікті арттырыңыздар», - деген қала әкімі сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.

© 2016 КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ