Рухани жаңғыруды - өзіңнен баста


Қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев «Рухани жаңғыруды өзіңнен баста» атты тақырыпта Кентау көпсалалы колледжінің студенттеріне дәріс өтті.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртуға арналғанын атап өткен қала әкімі мақаланың әрбір бағыттарына жеке-жеке тоқталды.

Колледжі кітапханасына жиналған жастар да маңызы жоғары кездесуді зейін қоя отырып тыңдады.

- Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты әлемде теңдесі жоқ бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жыл толып отыр. Әлемдегі әрбір ұлттың әлеуеті тарихтың сабақтарынан үлгі алу, тәжірибе жинақтау қабілетімен тікелей байланысты. Қоғамдық сананы жан-жақты және түбегейлі жаңғыртуға бағытталған бұл бағдарламаның ұсынылуы уақыт талабы және ел даумының тарихи кезеңіне сай маңызы теңдессіз тарихи шешім. Бұл идея Үшінші жаңғырудың өзегіне айналып, елімізге мүлдем жаңаша сипатты серпін әкелгені ақиқат, - деген қала басшысы, Президентіміз рухани жаңғырудағы ұлттық сана-сезім көкжиегін кеңейтуде екі нәрсенің басын нақты ашып көрсеткендігін айтты.

- Оның бірі - ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғырудың болмайтындығы, екіншісі - алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту. Мұндағы басты идея - болашақ пен өткенді үйлесімді сабақтастыра білу. Озығын алып, тозығын тастау.

Бұл бағдарламалық мақала  барлық заманауи тәуекелдер мен жаһандық жанайқайды қоса алғандағы қазақстандық рухани құндылықтың жандануына бағытталған. Компьютерлік сауаттылық, шет тілдерді білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар жалпы жаңғырудың алғышарты болып табылады. Сондықтан Президент атап көрсеткеніндей, «Цифрлық Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» бағдарламалары ұлтты, қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талап үдесінен шығуға даярлаудың құрамдас бөлігі ретінде қарастыруымыз керек. Өңірімізде осы бағыттардың әрқайсысы бойынша кең ауқымды жұмыстар жүргізілуде, - деді қала басшысы.

Бағдарлама ішіндегі «Туған жер» кіші бағдарламасы Отанға деген шексіз құрмет пен перзенттік парызды бір арнаға тоғыстыруды көздейді. Демек, ауылдан шыққан кәсіпкерлердің, шенеуніктердің, зиялы қауым өкілдерінің, жастардың және өзгелердің көмегімен аумақтарды инфрақұрылымдық қолдауға, жергілікті билікпен бірлескен жұмысты ұйымдастыру және демеушілік көмектің тетіктерін іздеуге құрылған.

Бұл бағытта қаламызда үлкен игі істер іске асып жатыр.

Атап айтар болсақ, «Қазақстанның киелі жерлері» атты тақырыпта облысымыздың киелі аймақтары «Арыстан баб», «Әзірет сұлтан», «Гауһар ана», «Отырар төбе», «Укаша ата» кесенелеріне 1400 мектеп оқушылары мен студенттер экскурсия жасады. Жеңіс күніне орай, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қаржылай көмек және қосымша сыйлықтар берілді.

«Кентау трансформатор зауыты» АҚ-ы 1-қыркүйек «Білім күніне» меценаттық көмек ретінде мектеп формасын алуға 1 млн.теңге, қалалық балалар шығармашылық үйіне ғылым және техника орталығының жұмысын дамыту үшін 1 млн.теңге берді.

Қарттар күніне орай қарияларға құрмет көрсетілді. «Мектепке жол» акциясында 600 оқушыға 8,4 млн.теңгеге мектеп формасы және қажетті құрал жабдықтар алынып берілді.

Мұндай игі істер ел-жұрттың ертеңгі күнге деген сенімін бекітіп, әрі қоғамдық ынтымақты да нығайта түсері анық.

Қала басшысы «100 жаңа есім» жобасына Кентау қаласының екі тұрғыны енгенін үлкен мақтанышпен жеткізді. Алматы қаласында орын алған алапат өрт ішінен екі бүлдіршінді аман алып шыққан Ғалымжан Әлиуханов пен каратэ-до Шотаканнан әлемнің екі дүркін чемпионы Эдуарда Вельктен жастарды үлгі алуға шақырды.

- «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бір немесе бірнеше жылға ғана арналған бағдарлама емес, ауқымы аса кең және жүйелі түрде, тынымсыз жұмыс істеуді, аса жоғары жауапкершілікті талап етеді.

Қаламыздың әрбір тұрғыны рухани жаңғыру жөніндегі жоғары жауапкершілікті тікелей өз мойындарына алып, жалпы іске жан аямай үлесін қосуы қажет, - деді Әбдібақыт Тілләбайұлы.

Студенттердің сауалдарына жауап берген қала әкімі Ә.Мақұлбаев әрбір студентті «Рухани жаңғыруды» өзінен бастауға шақырды.

© 2016 КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ