ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН 10 МІНДЕТ дамуға даңғыл жол ашады

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауы ел дамуының жаңа белестерін белгілеуімен құнды. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Елбасының ел халқына жолдаған биылғы Жолдауында да дамудың даңғыл жолы айқын көрініп тұр.

Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыздың бағыт-бағдарын бағамдап берген Президент Жолдауы Қазақстан халқы үшін маңызды құжат. Сондай-ақ, бір жыл бұрын жарияланған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жалғасы деп санаған жөн.

Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында әлемнің төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалар­­дағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басқанын алға тар­­тып, осы үдеріске ілесе білу үшін нақты 10 міндетті белгіледі.

Еліміз терең және жүйелі өзгерістер дәуіріне көшкен тұста Жолдау жүктеген 10 міндет жаңа да Тәуелсіз мемлекеттік әлемдік аренаға шығуына жол бастайды. Бұл бағыттарда елімізде, Оңтүстік Қазақстан облысында және Кентау қаласында көптеген жұмыстар жүзеге асуда.

Атап айтар болсам,  «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» атты бірін­ші міндет индустрия­лан­дыруға бағытталып, жаңа тех­ноло­гиялық қалыптың барлық мүм­кіндіктерін пайдалануға, мей­ілінше иннова­циялық сипатты иел­е­нуге үндейді.

Бүгінде Кентау қаласындағы өндіріс орындарына жаңа технологиялар енгізу ісі үлкен қарқынмен жүргізілуде. Әсіресе, бұл бағытта Кентау трансформтор зауыты көш бастап отыр. Кәсіпорындағы жұмыстар соңғы жүйедегі заман талабына сай қондырғылармен  автоматтандырылып жатыр. Көптеген инновациялық жүйелер енгізіле отырып, алынатын өнім көлемі ұлғайтылуда.

2017 жылдың қорытындысы бойынша қаладағы өнеркәсіп кәсіпорындары – 28108,4 млн. теңгенің өнімін өндірді. Бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 107,2 пайызға артық.  Ал, 2018 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп кәсіпорындары – 7730,3 млн. теңгенің өнімін өндіріп отыр.

Бір айта кетерлігі, көптеген жылдар бойы жұмысы жүрмей тұрған қаладағы кәсіпорындарда «жұмыс қозғалысы» басталды. Тоқтап тұрған өндіріс орны «Южполиметалл ӨК» АҚ-ның кен байыту кешенін «Восток-Минерал» ЖШС сатып алып, «Барит өнімдерін өңдеу» жобасын жүзеге асыруда. Құны – 118,4 млн. теңге болатын жоба бойынша жылына 50-60 мың тонна барит өңдеу жоспарланған. Бүгінгі таңға онда 84 адам тұрақты жұмыс жасап жатыр.

Ал, қалада құрылған индустриялды аймақта жалпы құны – 289,5 млн. теңге құрайтын 3 жоба жүзеге асырылуда.

Асфальт-бетон қоспасын өңдеу зауыт құрылысы жобасын ұсынып отырған «Бесқасқа» ЖШС құны 189,5 млн,теңге. «Оттегі шығаруды ұйымдастыру» жобасымен жеке кәсіпкер Е.Ауезов шұғылдануда. Құны 45 млн,теңге болатын жоба да жылына 25 мың дана оттегі баллонын толтыру көзделуде.   «КенМед» ЖШС Медециналық бұйымдар шығару ісін қолға алмақ. Жылдық қуаттылығы 500 мың дана несеп қабылдағыштар шығаруды жоспарлап отырған жобаның құны 55 млн.теңге.

Бұдан бөлек, жыл соңына дейін өңдеу өнеркәсіп саласында жалпы құны – 407,9 млн. теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асырылып, жаңадан 158 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Енді бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіре түсуіміз қажет. Жаңа цифрлық технологиялар енгізіп, автоматтандыруымыз қажет.  Сол кезде шығындар да азайып, табыс көлемі ұлғая түсетін болды. Кәсіпорын басшыларымен бұл бағытта көптеген жұмыс жүзеге асып жатыр.

Жолдау жүктеген екінші міндет «Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту».  Яғни, ХХІ ғасырда әлемнің табиғи ресурстарға деген мұқтаждығы арта түсері анық. Сондықтан табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, энергия көздерін табу жолдарын қарастыруымыз қажет. «Жасыл» технологияларды дамыту ісіне  инвестиция тарту ісін дамытуға тиіспіз.

«Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» деп аталатын үшінші міндет бойынша аймақта үлкен істер жүзеге асуда.

Елбасы Жолдауын негізге ала отырып, Кентау қаласының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2018-2025 жылдарға арналған концепциясы жасалынды.

Ауыл шаруашылығы саласында 2018 жылдан – 2025 жылға дейін   жалпы өнім көлемі 10259,0 млн. теңгеге жетеді деп жоспарлануда.

Жерді пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында суармалы егіс алаңы 5 жыл  ішінде 40%-ға  кеңейіп, 4100 гектарға жеткізілмек. 2018 жылы 200 гектарға ұлғаяды.

Жаңа технологияларды пайдалана отырып, қала аумағында 400 гектар жерге терең қопсыту және 350 гектарға тамшылатып суғару технологиялары ендірілді.

Қала аумағында қарқынды бау шаруашылығы  қолға алынып жыл  сайын 30 гектарға қарқынды жеміс-жидек интенсивті бауы отырғызылуда.

Елбасы жолдаудағы төртінші міндетте «Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру» ісіне кеңінен тоқталды. Президенті Транспорт пен логистикалық инфрақұрылымды одан əрі дамыту, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру керек екенін айтты. Бұл бағыттағы жұмыстарды да үлкен жауапкершілікпен атқаруға тиіспіз.

Ал, «Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу» деп аталатын бесінші міндет ел халқын тұрғын үймен қамту ісіне арналып отыр.

Бүгінде елімізде «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы жүзеге асуда. Аталған бағдарлама аясында Кентау қаласында биылғы жылы  5 қабатты 60  пәтерлік екі тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ал, келер жылы дәл сондай 5 көп қабатты үй тұрғызылмақ. 

Бұл бағдарламаны одан әрі жалғастыру ісі жан-жақты талданып, жүзеге асып жатыр.

Елбасы атап өткен алтыншы міндет «Қаржы секторын «қайта жаңғырту». Банк капиталының есебінен ел экономикасын қаржыландырудан басқа қор нарығы арқылы қаржыландыру механизмі де маңызды болып табылады.

Жетінші міндеттің «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталуы да бекер емес. Елімізде адамның рухани дамуы үшін көптеген шаралар жасалып жатыр. Бұл мәселе Елбасының өткен жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ласында да ерекше аталды.

Елдің дамуының жаңа сапасы шикізат экономикасы мен «мұнайдың молшылықты» дәуірімен байланысты емес, серпінді технологияларға, бәсекеге қабілетті нарықтық экономикаға, тиімді басқаруға, сапалы банк жүйесіне негізделген Қазақстанда тұратын және жұмыс істейтін адам ресурстарының сапасына байланысты.

Ал, адами капиталдың сапасы білім берудың сапасына тікелей байланысты. Сондықтан да Елбасы жолдауда білім берудің жаңа сапасын дамытуға біршама міндеттер қойды.

«Біздің қоғамымыздың идеалы өз тарихын, тілін, мәдениетін білетін, оған қоса заманауи, шет тілдерін жетік меңгерген, озық және жаһандық көзқарастары бар қазақстандық болуы тиіс» - деді Елбасы өз жолдауында. 

Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту қажет. Бүгінде өмірдің барлық салаларына жаңа технологиялар енгізіліп, қолданылуда. Сол себепті, білім беру саласы да одан қалыс қалмауы тиіс. Бұл бағыт бойынша Кентау қаласындағы мектептерді компьютерлендіру, жылдамдығы жоғары интернетпен қамту, заманауи техникамен жарақтандыру істері жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда.

Бүгінде Кентау қаласындағы оқушылардың білім деңгейі өте жоғары. Мектеп бітіруші түлектер бес жыл бойы қатарынан облыста алғашқы орыннан көрінуде. Республикалық, халықаралық, әлемдік олимпиадалардан да жүлде алып келіп жатқан жастарымыз көптеп саналады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жетілдірілген түрде өз жалғасын табады. Сондай-ақ, білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету, орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу, жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар даярлау,  педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау, жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындау, қолданбалы ғылыми-зерттеулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіруді жүзеге асыру, жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту  мәселелері бойынша жұмыстар жоспарға сәйкес жүзеге асады.

«Тиімді мемлекеттік басқару» атты сегізінші міндет цифрлық технологиялар бизнесті қайта реттеуге, мемлекет тарапынан көрсетілетін қызмет пен мемлекеттік қолдаудың сапасын арттыруға, азаматтардың қажеттілігін барынша есепке алуға мүмкіндік береді.

Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің Жолдауында күнделікті өмірдің ең көкейкесті деген салаларына назар аудара отырып, ел дамуының неғұрлым маңызды бағыттарын ашып көрсетті. Бұның өзі мемлекет тарапынан қабылданып отырған барлық шаралардың қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға, еліміздің экономикасын, әлеуметтік саланы дамытуға бағытталғанын тағы да бір мәрте айшықтай түседі.

Тоғызыншы міндет - «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі». Елбасының қатаң ұстанымы сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталды.

Сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетудің маңызды шарасы халықпен және бизнеспен өзара іс-қимылды қоса алғандағы мемлекеттік органдарда жүргізілетін процестерді цифрландыру болып табылады. 

Ішінара алғанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көруі және өз уақытында сұрақтарына дұрыс жауап алуы керек.  Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстарда  оң нәтижелер бар.

Оныншы міндет - «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін» деп аталып отыр.

Халықаралық тәжірибе бойынша «Ақылды қала» жүйесі қаладағы көшелерді жарықтандыруға берілетін электр энергиясын, коммуналдық желілер мен жылуды қолдану қызметтерін, электр энергиясына жұмсалатын есеп-шоттарды төмендетуге мүмкіндік береді.

Үкіметтің «Smart Сity» жобасын енгізу жоспарында еліміздігі ірі 5 қала  – Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Ақтөбе ақылды қаланың негізгі ерекшеліктері – жайлылық, қауіпсіздік, тиімділік және экологиялық тазалық болып табылады. 

Жолдауда Мемлекет басшысы өнеркәсіп немесе мемлекеттік басқару болсын осы 10 міндеттің барлығында да цифрландыру мәселесін күн тәртібіне қойып отыр. Себебі, бұл біздің экономикамыз үшін өте маңызды.

Ендігі мақсат—жүктелген міндеттерді бірлесе жүзеге асыру. Алға қойған ауқымды жоспарларды орындау үшін баршамыз күш-жігерімізді біріктіріп, бірге әрекет етуіміз қажет.

Әбдібақыт Мақұлбаев

Кентау қаласының әкімі

© 2016 КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ