Мы в социальных сетях:
contact phonecontact phone contact phonecontact phone

Қос-Қорғандықтар қуанышқа кенелді

Кентау қаласына қарасты Қос-Қорған елдімекенінде Қос-Қорған жалпы орта мектебінің жаңа ғимараты ел игіліне пайдалануға берілді. Бұған дейін 1962 жылы асар жолымен салынған мектепте үш ауысыммен білім алып келген балалар, биылғы оқу жылынан бастап типті жаңа мектептің табалдырығынан аттады.

Салтанатты іс-шараға қатысқан қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев ұстаздар мен балаларды білім күнімен құттықтады.

- Биылғы жылы Елбасымыздың Жарлығымен облыс орталығы Түркістан қаласына ауысып отыр. Бұл тарихи шешім рухани қаланың мәртебесінің биіктігін одан сайын айшықтай түсті. Осыған орай Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Түркістан қаласының шекарасы өзгерді. Яғни, Түркістан қаласына қарасты 12 ауылдық округ Кентау қаласының еншісіне беріліп отыр. Осы жұмыстардың барысында Кентау қаласының қарамағына 40 мектеп өтті. Оның ішінде 5 бастауыш, 4 шағын жинақталған, 1 мектеп интернат, 30 жалпы орта мектеп бар. Олардың барлығында 21000-ға жуық оқушы, 2516-дан астам педагог мамандар еңбек етуде. 25 балабақшаның 12-і жекеменшік, 13 мемлекеттік. Бұл арасын 30 шақырым құрайтын Кентау, Түркістан қалалары бірге өркендейді деген сөз. Яғни, бұдан былай біз көне Түркістанды жаңаша кейіпте бірге дамытамыз, бірге гүлдендіреміз, - деді қала әкімі.

Жиында облыстық мәслихат депутаты Зұлпархан Чалданов, қалалық мәслихат хатшысы Талғат Балабиев мерекелік лебізін білдірді. Жаңа мектептің лентасын қиып, сыныптарды аралап көрді.

200 орындық мектеп ғимаратының құрылысына облыстық бюджеттен қаржы қаралған. Мұнда жастардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына барлық жағдай жасалған. Спорт зал, шеберхана, оқу залы, акт залы, асхана, химия, биология, информатика, лингафон, мультимедиа кабинеттері бар.

Жаңа оқу жылының алғашқы күні әр сыныпта «Қазақстаным жүрегім, Түркістаным тірегім» атты тақырыптағы тәрбие сағаттары өтілді.

Войти или Зарегистрироваться