Біз әлеуметтік желілерде:
contact phonecontact phone contact phonecontact phone

Кентау - бірлігі бекем, ынтымағы ырысты қала

Құрметті кентаулықтар,  қадірлі қала қонақтары!

Баршаңызды қала күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Қаратау бөктерінде орналасқан табиғаты тамаша, көрікті Кентау қаласының құрылғанына биыл 63 жыл толып отыр.

Қала күні мерекесі әрбір қала тұрғынының жүрегіне қуаныш ұялатып, ертеңге деген сенімді шыңдай түседі. Сондықтан да біз өткенді ұлықтап, болашаққа бағдар алып, рухани жаңғыра отырып, қала күні мерекесін атап өтеміз.

Биыл еліміз үшін, облысымыз және біздің қаламыз үшін тарихи оқиғаларға толы жыл болды. Яғни, Елбасымыздың Жарлығына сәйкес Шымкент шаһары еліміздің үшінші мегаполисі болса, облыс орталығы қасымызда тұрған киелі Түркістан қаласына көшіп келді.

Елбасымыздың бұл бастамасы - тек әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар саяси тұрғыдан да тарихи оқиға. Бұл қадам шаһардың дамуына және бүкіл өңір тұрғындарының тұрмыс сапасының дәйекті түрде артуына тың серпін береді.

Ендігі жерде Оңтүстік өңіріне тартылатын инвестициялардың көлемі артып, шет елден келетін туристердің де саны неғұрлым ұлғая түспек. Бұл үшінші мегполис Шымкент шаһары мен Түркістан облысының жаңа келбетін қалыптастырады.

Облыс орталығының Түркістан қаласына көшуі Кентауға да көптеген оң өзгерістер алып келеді. Осы тұста Кентау қаласының шекаралары өзгеріп, бұрын Түркістанға қарасты 12 ауылдық округ Кентаудың қарамағына өтті. Халқының саны 200 000-ға жетіп, 721 мың гектар жер көлемі қосылды.

Яғни, Кентау қаласының жаңа даму кезеңі басталды.

Кентау - халқының жүрегі кең. Мұнда бірлік, өзара құрмет пен сыйластық дәстүрге айналған. Оның айғағы - қала тұрғындарының бүгінгі жарасымды тыныс-тіршілігі және ортақ шаңырақта тату-тәтті өмір сүріп, өздерінің парасат-парқының жоғарылығын көрсетуі. Бұл - кентаулықтардың о бастан қалыптасқан аса құнды байлығы, бойтұмары дер едім. Осындай өркениетке жол салған аға буын өкілдеріне, олардың ізін жалғастырушы бүгінгі ұрпаққа айтар алғысым шексіз.

Кентау - Отансүйгіш, ел мен жердің абырой-беделі үшін тау қопарып, тас тескен елжанды еңбек майталмандарының қалашығы, әлеуеті мықты «кадрлар ұстаханасы».

Кентау - табиғаты тамаша, жері құнарлы ел-жұрттың ықыласы ауған қала.

Кентау - бірлігі бекем, ынтымағы ырысты қала. Мұндағы көп ұлтты халық әрдайым ынтымақты ұран, татулықты ту етеді.

Кентау - бауырластар қаласы. Әрдайым шеттен келген қонақтарға қонақжайлық танытып, бауырындай құрметтейді.

Кентау - заманауи электр жабдықтарын өндіретін еліміздегі бірден-бір маңызды орталыққа айналып отыр. Мұндағы Кентау трансформатор зауыты еліміздегі үлкен өндіріс орындарының бірі, әрі бірегейі. Аталған зауыттың шығарған өнімдерін тек Қазақстан ғана емес, шетелдерде кеңінен тұтынуда. Бұл қаламыз бен еліміз үшін үлкен абырой, әрі мақтаныш.

Ел Тәуелсіздігін алған жылдардың ішінде бүкіл еліміз ғасырға бергісіз жолдан өтті. Ауқымы жағынан орасан табыстарға қол жеткізіп қана қоймай, тұғырымыз жылдан-жылға нығайып, жаңа да жас мемлекетіміз - Қазақстан бүкіл әлемді тамсандырған ықыласқа ие болды. Бұл бағытта Кентау қаласында да ауқымды істер жүзеге асты. Шалғайда орналасқан шағын қала елмен бірге дамудың даңғыл жолына түсті.

Қаладағы көгалдандыру, тазалау, өндірісті дамыту жұмыстары басты назарымызда. Көріктендірілген алаңдар мен аулалар, жаңадан бой көтерген мектептер қаламыздың көркін ашып тұр. Бүгінде газдандыру жұмыстары жүзеге асуда. Қалада 7 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Жолдар жөнделіп, жүргіншілерге арналған жолдар жасалуда. Жаңа мектептер мен жаңа емхана бой көтеріп жатыр. Міне мұның барлығы да тұрғындарға ыңғайлы да, жайлы орта қалыптастыру үшін жасалып жатқан жұмыстар.

Бүгінде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар аясында қала болашағына бағытталған ауқымды жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Ең басты мәселе, жаңа жұмыс орындарын көптеп ашып, жұмыссыздықты азайту. Ол - халықтың сұранысы ғана емес, экономикамыздың өзегі де.

Құрметті қала тұрғындары!

Күн санап әлеуеті артып келе жатқан «Қаратаудың тәжі» атанған әсем де сұлу қаланың 63 жылдық мерейтойы құтты болсын!

Баршаңыздың дендеріңізге саулық, өмірлеріңізге қуаныш тілейміз. Әр отбасында тыныштық пен береке-бірлік болсын!

Қадірлі жерлестер, отандастар!

Жасампаз ел - Қазақстанның көк байрағы көгімізде мәңгі желбірей түссін!

Келбетті де, көрікті қаламыз Кентау гүлдене берсін.

 

Әбдібақыт МАҚҰЛБАЕВ,

Кентау қаласының әкімі

 

Талғат Балабиев,

Кентау қалалық мәслихатының хатшысы

Кіру немесеТіркелу