Мы в социальных сетях:
contact phonecontact phone contact phonecontact phone

Қазақстан-Неміс политехникалық колледжінің директоры Виктор Кривенцов Кентау журналистерімен кездесті

Бүгінде Кентау қаласындағы қазақ-неміс политехникалық колледжінің директоры, мемлекеттік қызмет саласында бірнеше жыл жемісті қызмет атқарған, қаламыздың дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген Кривенцов Виктор Александровичтің тілшілерге берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

Виктор Александрович, интернационалды отбасында өмір сүріп келесіз, қайынатаңыз қазақ, енеңіз, күйеу балаңыз неміс ұлтынан. Бір емес бірнеше этностар ұйысып отырған жанұяның ерекше салт-дәстүрлеріңіз атап өтсеңіз? Қандай ұлттық мерекелеріңізді айтар едіңіз?

Біздің отбасымыздағы барлық ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлері сақталған. Отбасымызда барша мұсылман қауымға ортақ Құрбан Айт мейрамын бауырсақсыз елестете алмаймыз. Христиан діні католиктік бағытындағы неміс пасхасы болса нудольсоф, православтық бағытындағы пасха мейрамында міндетті түрде боялған жұмыртқалар болады. Салт-дәстүрлерімізді бөліп жармай келеміз, балаларымызда солай тәрбиеленді. Мен Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында туып өстім. Ата-анам темір жол саласында қызмет етті. Жастайымыздан түрлі ұлт өкілдерінің балалары бірге ойнап ер жеттік. Қай ұлттың өкілдері болмасын бір-бірімізді түсінісе білдік. Мен жалпы өзім әзілқой жан болғандықтан әзілдескенді жаным жақсы көреді. Әзілдерімді қайынжұртым жақсы қабылдайды. Менің ойым түсіністік болған жерде әрдайым келісім болатынына көзім жетті. Ұлттық тағамдардан барлық тағамдарды жақсы көреміз, оның ішінде ет тағамдарын ерекше ұнатамыз.

Отбасыңызбен қай тілде сөйлесесіздер? Балаларыңыз қай тілде сөйлейді?

Жасы 91-ге келген енемнің ұлты неміс болса да қазақ тілінде ойлап, сол тілде еркін сөйлейді. Ал қызым Мелита полиглот ол қазақ, орыс, түрік, неміс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Күйеуі неміс ұлтының азаматы қазіргі таңда Германияда тұрады. Мелитаның мамандығы халықаралық қатынастар бойынша менеджер. Оны экономист десек те медицина саласында жұмыс жасауда. Германияға келген шетелдік науқастарды Кельн емханасына жеткізеді. Өзім қазақ тілін жақсы түсінемін, «мінсіз сөйлеу керек» деген қағиданы ұстанғандықтан қате сөйлеп қоямын ба деген қорқынышым ойда тұрады. Ұлым Александр да қазақ тілінде еркін сөйлейді. Ол табиғи болмысынан жан-жақты адамдармен тез тіл табысып кетеді. Мектеп оқып жүргенде оның достарының көбі өзбек ұлтынан болған. Біркездері өзбек тілін жақсы меңгергендігін байқап қалғанмын. Отбасымыз құрған сәттен бастап бізде іштей бөліну болмады. Бірнеше тілді меңгерген адам, бір тілді меңгерген адамға қарағанда рухани бай адам деп есептеймін, шәкірттеріме де осыны әрдайым айтып отырамын.

Жарыңыз Маржан Қазыбайқызы мемлекеттік қызметте де, медицина саласында да абыройлы еңбек етті. Әрқашанда қоғамдық іс-шаралардың бел ортасынан табылады. Отағасын сыйлап, оған аянбай адал қызмет етіп, ер азаматын құрметтеп, сол арқылы өзі де құрметке бөлене білген асыл да, адал жарыңыздың басқа қандай қасиеттерін айта аласыз?

Жарым - Маржан Қазыбайқызы өте мейірімді және ұстанымы мен қағидасына берік жан. Әрқашанда жарыммен ақылдасып, кеңесіп отырамын. Барлық туған туыстарымыз жарым Маржанмен ақылдасып, кеңесіп отырады. Бұл қасиеті әкесінен дарыған. Маржанның әкесі өмірден жинаған тәжірибесі мол кісі болды. Маржан көбінесе «Көреміз», «мүмкін» деген ұстанымнан шетке қойып, «ия, болады» немесе «ия, болмайды» деген қағиданы ұстанады.

Бірнеше жыл мемлекеттік қызмет саласында еңбек еттіңіз. Қазір қазақ-неміс политехникалық колледжін басқарасыз, бұл екі саланың қызығы мен қиыншылығын айтып берсеңіз?

Жас кезімде әскери адам болғым келген алайда, дене шынықтыру саласын бітірдім. Білім бөлімінде жұмыс істедім. Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімін басқардым. Бірнеше салаларда жұмыстар атқардым. Қай салада қызмет атқарсам да мен үшін ең алдымен адами қасиет бірінші орында тұрады. Қызметкерді жұмысқа қабылдар алдында да осы адами қасиетті ұстанамын. Бұрынғы қызметтерім қазіргі жұмысыммен тығыз байланысты. Қызметтегі басты мақсат халықпен тікелей жұмыс жасай білу қажеттігі. Халық қажет еткен қызмет, ең қажет қызмет болып табылады. Мемлекеттік қызметте, қазіргі қызметімде де халықпен тығыз жұмыс жасауға тырысамын.

Сіздің басқаруыңызбен Кентау политехникалық колледжі бүгінгі күні қазақ-неміс политехникалық колледжі мәртебесін алды. Халықаралық колледж студенттерінің қандай мүмкіндіктері бар?

Соңғы айлары оқу орнымыздың әлеуеті артуда онымен қоса оқу орнымыздың мүмкіндіктері кеңеюде. Әр ата-ана өз баласына сенімді оқу орынды таңдайды. Қазақ-неміс колледжінің бас құрылтайшысы Кентау трансформатор зауыты екені белгілі. Зауыттың беделі қаламыздан бөлек бүкіл Республика аумағында жоғары. Біз үшін ол маңызды рөл ойнайды. Біздің колледжіміз студенттерге сапалы білім беріп, бітіргеннен кейін жұмысқа орналасуға кепілдік береді. Сол мүмкіндікті пайдалана білу әр студенттің өз еншісінде. Студенттеріміз аптаның екі күні теориялық білім алса, қалған үш күнін Кентау трансформатор зауытында тәжірибе алмасады. Студенттеріміз бүгінгі күні заманауи әрі бәсекеге қабілетті білім нәрімен сусындауда. Осы тұрғыдан біз түрлі бағдарламалар қарастыра бастадық. Солай біздің оқу орнымыз қазақ-неміс политехникалық колледжі деген атқа ие болды. Концерн Тюрлайненд өздерінің қызметтерін Орталық Азия елдеріне ұсынғысы келді. Бұл біздің оқу орнымызға қосымша берілетін білім, сертификаттары яғни коммерциялық жоба. Концерн Тюрлайненд сол елдердің білім беру жүйесіне араласпайды, керісінше оларға бейімделіп, бізге тек бағдарлама ұсынады. Оның үстіне қазір Қазақстандағы білім беру жүйесі еуропалық стандарттарға сай жүзеге асуда. Бұл біздің ерекшелігіміз деп сеніммен айта аламын. Әрі қарай, дуальды білім беру - екінші ерекшелігіміз болып табылады.

2019 жылдан бастап Кентау қаласында «Қоғамдық келісім» мекемесі ашылып, жұмыс жасауда. Осы салада қандайда бір ұсыныс, пікір, тілектеріңіз бар ма?

Қаламыздағы этномәдени бірлестіктерді әрқашанда қолдауымыз керек. Әрбір азамат өз ұлтының мәдениетін, тарихын, тілін, дінін әдет-ғұрып, салт-дәстүрін ұмытпау қажет. Осы салт-дәстүрлерді ұрпақтан-ұрпаққа жалғап отыруға этномәдени бірлестіктерінің маңызы зор. Алдағы уақытта этномәдени орталықтармен бірлесе жүзеге асырылатын іс-шараларды жандандыруымыз керек. Қаламыздағы этномәдени бірлестіктері өз жұмыстарын белсенді атқаруда сондай-ақ қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысуда.

Бүгінгі жастардың бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді?

Қазіргі жастардың бойынан білімді және түсінігі мол жастарды көргім келеді. Қазіргі жастардың бойында түсіністікпен қарау, сабырлық іскерлік қасиеттері көрінбейді. Бүгінде білім берудегі басымдық түбегейлі өзгерді. Қазіргі таңда біз жастарды кітапқа деген қызығушылығын арттыруымыз қажет. Ақпарат жеткілікті, сол ақпаратты тиімді пайдалана білу қажет. Адамдар өзара тіл табыса, байланыса білсе, біздің жас кезіміздегідей өзара тіл табысу, сөйлесу, байланысу арта түспек. Адамдар өзара сөйлеспесе, араласып пікір алмаспай өздері жеке дара жүретін болса, олар өсіп өнбейді. Бүгінгі күні шет тілдерін меңгеруде жастар алғырлық танытуда. Қазіргі жастарда мүмкіндік көп, әлем сәт сайын даму үстінде. Қазіргі жастарға кітап көп оқып, көп іздену керек. Қолдағы бар мүмкіндіктерді тиімді жұмсай білу керек.

Биыл Ұлы Абайға -175 жыл толып отыр осыған сәйкес Һакім Абайдың қандай шығармаларын білесіз?

Ұлы Абайды - «Абай жолы» шығармасы арқылы танимыз. Абайдың әрбір қара сөздерінде өмірге қажетті барлық рухани азық бар. Болашақта басшы болғысы келетін азамат, міндетті түрде Абайдың қара сөздерін оқу керек. Абай тек қазаққа ғана танымал тұлға емес, сонымен қатар әлем танитын жаһандық деңгейдегі тұлға. Абай, Пушкин, Крылов, Достоевский, Лермонтов т.б. орыс ақын-жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударып, қазақ халқына олардың шығармаларын кеңінен танытқан тұлға. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын әрбір азамат оқу керек деп санаймын.

Естуімізше, Ораза айында мешітке барып пітір-садақа беріпсіз?

Мешітке барып, пітір-садақа тастауда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Менің жақындарым, жарымның туған туыстары, достарым мұсылмандар, мен сол ортада өмір сүріп келемін. Жиындарда мұсылмандар алақан жайып тұрса менде алақан жаямын. Шіркеуге де барып шырақ жағамын. Адам қандай жағдайда болмасын бір нәрсеге сену керек. Жаратушы бір. Барлық нәрсеге түсіністікпен қарау керек деп есептеймін. Түсіністік болған жерде келісім мен тұрақтылық мәңгі болады.

Сұхбатыңызға үлкен рахмет!

Войти или Зарегистрироваться